Тұп-тура Алматы облысындағы Қасым-Жомарт Тоқаев табанының ізі "қалған" Қаратал ауданындағы жағдай бұл. Ұзына-ұзақ 87 жылдық тарихы бар газет есігін біржола сыртынан бекітуге аз қалған.
Аталған жағдайға байланысты "Qamshy.kz" ақпарат агенттігінің облыстағы меншікті тілшісі аудандық "Қаратал" газетіне арнайы барып біліп қайтқан болатын.
«КАБИНЕТТЕР ТАЗАЛЫҒЫНА ДА ЖУРНАЛИСТЕР ЖАУАПТЫ»
Газет редакциясы орналасқан ғимарат
Шыны сол – бүгінде президенттің аймаққа алғашқы сапарынан-ақ өзін Үшқоңырдай сезінген Үштөбеде (Қаратал ауданының орталығы – ред.) сеніңіз-сенбеңіз: төрт-ақ бет газет шығады. Ауданның қою тыныс-тіршілігі, күнде жиыннан асып-төгіліп жатқан идеологиясы да сол төрт бетке сыйып кеткен қазір. Тұп-тура «төртінші билік» өкілі – журналисті 30 мың теңгенің ар жақ-бер жағындағы жалақыға қараса, газеттің өзі қуықтай қуыста отыр.
Редакция қызметкерлері
Ол-ол ма, аталған газет өткен жылғы аудандық ішкі саясат бөлімі жариялаған тендерден де ұтылып тынған. Ұрттам «асы» қалмауға айналған. Ал ішкі саясаттың облыстағы басшылығы мұны олардың тендерлік жүйеде тебінді бола алмағанына теліп құтылады. Бір сөзбен айтқанда, аудандық баспасөздің бәсекелестікке қабілетті болмауымен түсіндіріп әлек.
Содан ғой содан, аймақтағы аудандық басылымдардың астауындағы асы жеке меншік газеттер несібесіне айналып кете барған. "Сонан соң?" дейсіз бе, бұрыннан-ақ жүйелі жұмыс жасап келе жатқан жергілікті жердегі идеологиялық құрал хақысын ұстағанның қолына, тістегеннің аузында кеткен деуге болады. Бүгінде аудандарда редакциясының мекен-жайы да жоқ, тіптен, сол өңірлерде тұрақты штаттық қызметкерлері де жоқ жекелік газеттердің тендерде «ұпайы» түп-түгел болып тұр.
Салдары не дейсіз ғой, тоқсанға әне-міне толамын деген іргелі ұжымда көлік жүргізуші мен еден жуушы қызыметкер де жоқ. Ұжымнан естіген алғашқы сөзіміз сол: «Енді кабинеттер тазалығына да журналистер жауапты» дейді.
Аудандық "Қаратал" газетінің бас редакторы Асхат Өмірбай
Аудандық "Қаратал" газеті бас редакторы Асхат ӨМІРБАЙДЫҢ айтуынша, газеттің 2015 жылдың күзінде жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылуы көп нәрсені өзгерткен. Жекелік газеттермен бірге телмірткен тендер мәселесі де осы тұста басталған. Оның ойынша, ақыры өңір идеологиясының айнасы болған соң жергілікті басылымдарға құйылуы тиіс қаражат бұрынғыша мәслихат арқылы берілсе, мемлекет қарамағына өтсек дейді. Бұл туралы басқа аудандағы басылым басшыларымен де сөйлескенін айтады.
«БАСТАПҚЫДА ӨЗГЕРІС БОЛМАҒАН СОҢ ӨЗДЕРІ ҚИНАЛЫП ЖАТЫР»
Бұл – Алматы облысы ішкі саясат басқармасының басшысы – Рустам АЛПЫСБАЕВТЫҢ сөзі. Аудандық газеттегі "жарты құрсақ" жағдай туралы айтылғандағы әңгіменің «Ә, бісімілдәсі». Сол қысқа-қайырымды қаз-қалпында беруді жөн деп таптық.
Журналист: Қаратал ауданындағы газеттің жағдайына байланысты не айтасыз?
Рустам Әлиұлы: Өңірлерде, аудандарда газеттің жағдайы қиын. Оларды бәсекелестікке жіберді де өз тендерлерін ұту үшін олар бағасын түсіруге мәжбүр. Бағасын түсірген соң жылға жоспарлаған ақшасы толықтай жетпейді. Сол себептен айлықтарын қысқартады, басқа амалдарын істейді...
Журналист: Аймақта тілші қосыны, тіпті ауыл-аудан тіршілігімен етене таныстығы жоқ жекелеген коммерциялық негіздегі газеттердің тендрді ұтып алуы қаншалықты қисынды?
Рустам Әлиұлы: Иә, дұрыс айтасыз. Екі-үш ТОО (жауапкершілігі шектеулі серіктестік – ред.) бар. Жылда қатысып бағасын түсіреді.
Журналист: Газеттің меншігіндегі екі көліктің біреуін әкімдік алып қойса, екіншісі жүруге жарамай тұр дейді. Редакцияның қазіргі мүшкіл хәлін айтып жеткізу мүмкін емес. Бұған не айтасыз?
Рустам Әлиұлы: Бұл жерде бүкіл ауданда солай. Жеке меншікке берілді ғой газеттер. 50 пайызы жекеліктер. Мысалы, газетте қаражат болмаса, ақша бөлінбесе сол кісілер (акцияның қандай да бөлігін меншікке алушыларды меңзейді – Қ.Қ.) қамтамасыз ету керек қой.
«САЙЫН МҰРАТБЕКОВТЕРДЫҢ ІЗІ ҚАЛҒАН ҰЖЫМ»
Тап "төбеден" оқыған пікіріңізді тағы қайталай кетуге тура келеді. Сондағы қақпақылға түскен «Қаратал» газетінің тағдырына «тарыққан» пікірдің сықпыты мынау: «Сол кісілер қамтамасыз ету керек қой» дейді Алматы облысы әкімі Амандық БАТАЛОВТЫҢ ішкі саясаттағы сенімді «серкесі».
«Қоянның өзін көріп қалжасынан» түңіл деп қазақең қалай айтса, бұл пікір де соның кері болғасын, әрі жуырда ғана Һакім Абай туралы ақтарылып сөз арнаған Қасым-Жомарт ТОҚАЕВҚА дат айтудан басқа амал да жоқ сынды.
Себеп нақты: өзі түлеген аудандағы, Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, халықтың көзі, құлағы, һәм тілі болған тоқсан жастағы газетті өмір сүру-сүрмеуіне енді облыстың шамасы жетпей қалғандай. Бақсаңыз, «Бұл жерде бүкіл ауданда солай» деп тұрмай ма Рустам Алпысбаев. Бақандай 900 мың теңгеге Орбұлақ шайқасының құрметіне қағаздан батыр жасататын, милиондарға бауырсақ пісіртіп, жүздік мыңдарға ыдыс-аяқ жалдап «той» жасайтын білдей бір ішкі саясатыңыз айтып тұр бұл сөзді. Рухани жаңғыруға деп бөлетін миллиондардан халықты рухани түлетуі тиіс газеттерге бөліп берер "тиын" таппай отыр.
Қош. Сонымен, әкесі Кемел Тоқаев бір қыдыру іргелі басылымдарда жауапты қызметтерде («Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан») еңбек еткен, өзі қазаққа Абайды біржола танытардай талпынып отырған бүгінгі президентке бұл жағдай мүлдем ұнамауы керек деп ойлаймыз.
Айтпақшы, осы екі арада аталған газетте ізі қалған алдыңғы буын ағаларға да тілдескенбіз. Қынжылғанда бәрі де бір-ақ ауыз сөзбен көңілімізде демеп тастаған. Ол: «Бұлай болмайды. Құдай-ау, ол газет атақты Сайын Мұратбековтердің ізі қалған ұжым, талай шәкіртке ұстахана болған қасиетті орда ғой. Жоғарғы жаққа жетсе бұл мәселе шешілер» деген сөз еді.
P.S. Ендеше, әкенің ізі қалған топырақтағы Сайын Мұратбековтей ұлы жазушының қолтаңбасы мөрленген аудандық газеттің «қарынын» бір облыс тойдыра алмаса, Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі ескертер, қос бірдей президенттің облысындағы «естіместерге»...
Пікір қалдыру